Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"13 млн гектар жер қайтарылды дедіңіздер. Оның 3,9 млн гектары ғана жұмыс істеуге берілді. Менің түсінігім бойынша ол алынған жерлер тиянақты жұмыс істеуі керек. Жердің төрттен бірі далада жатыр. Оны алғандарыңызға бес-алты жыл болды. Сондықтан бұл саясаттан кету керек деп ойлаймын. Қазір жауабын беріңіздер", – деп сұрады депутат Мәжілісте өткен көмитет отырысында.
Бұл сауалға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді.
"13,2 млн гектар қайтарылған жерлерден 6 млн гектар халыққа берілді. Оның ішінде 2 млн гектар жайылымдар, ауылдардың қасына орналасқан жерлер. 4 млн гектар конкурс ретінде халыққа берілді. Бізде 13,2 млн гектардан 6 млн берілсе де, қалғанын ешкімге берген жоқпыз. Көп жерлер ауылдың қасында емес, алыс жерлерде орналасқан. Оларға да конкурс жариялау үшін бағалау жүргізіп, құжаттар дайындау қажет. Аудандық әкімдіктерге де қаражат бөлінген жоқ, басқа да себептері бар. Біз осы жұмыстарды бақылауда ұстаймыз", – деді АШМ өкілі.
Сөзінше, көп жайылымдық жерлердің өнімділігі өте төмен.