Астана қайтыс болған әйелдің донорлық органдары 5 адамның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
45 жастағы Әлия 6 сәуір күні кешке жұмыстан қайтып келе жатып, есінен танып қалған. Жедел жәрдемді көшеде кездейсоқ өтіп бара жатқан адам шақырған. Келесі күні дәрігерлер науқастың жағдайы өте ауыр екенін, тромб үзіліп кеткенін хабарлаған.
Марқұмның әпкесі Дина Ғайсарованың айтуынша, 7 сәуір күні таңертең дәрігерлер Әлияның жағдайы ауыр екенін, оның жансақтау бөлімінде жатқанын айтқан. Оған ота жасалғанымен, өкінішке қарай нәтиже болмаған. Дәрігерлер ми өлімі тіркелгеннен кейін туыстарына қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты қарастыруды ұсынған.
"Ол көзі тірісінде бірдеңені сезгендей болатын. Маған "анашым, егер маған бірдеңе болса, органдарымды басқа адамдарға беріңіздер" деп айтатын", – деді марқұмның анасы Қазима Ғайсарова.
Әлияның артында үш баласы қалды. Олардың екеуі кәмелетке толмаған, ал ең кенжесі 8 жаста. Донордан жүрек, бауыр, өкпе және екі бүйрек алынды. Олар бес реципиентке трансплантацияланды. Бүгінде Қазақстанда 16 мыңнан астам адам eGov платформасы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донор болуға келісім берген.
Ал 100 мыңнан астам адам қарсы екенін білдірген. Ағза трансплантациясын күтіп тұрғандар саны 4,6 мың адамға жуықтайды. Олардың 4 мыңға жуығы бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Соның ішінде 100-ден астамы – балалар.