Қайтыс болған курсанттың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр

809

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз осылай деді.  

Қайтыс болған курсанттың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр

"Министр Ерлан Тұрғымбаев курсанттың қаза болуына байланысты кешенді тексеру жүргізіліп жатқан Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына барды.

Тексерістің алдын ала нәтижелері туралы ведомство басшысына арнайы топ басшысы – ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков баяндады. Оның айтуынша, оқу орнының тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы ғана емес, оқытушылар мен курсанттар арасындағы моральдық-психологиялық ахуал да зерделеніп жатыр. Ақша жинауға қатысты өрескел бұзушылықтар анықталмаған. Курсанттардың туыстарының оқу орнындағы қысым туралы хабарламалары қаралып жатыр" – деді Нұрділдә  Ораз.

ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбековтің сөзінше, 
курсанттың өліміне қатысты кешенді тексеру барысында әлеуметтік зерттеу жүргізілген. 

"Өтегеновтің өзінің курстастарынан түрлі сомада жиі қарыз алғаны, сондай-ақ букмекерлік конторада онлайн ақша тіккені анықталды. Қазіргі кезде ата-анасының уәжі, сондай-ақ академиядағы оқу-тәрбие үдерісі, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай тексеріліп жатыр. Тексеріс барысын министр жеке бақылауына алды. Ол академияға барып, Өтегеновтың қатарластарымен, оқытушылар құрамымен кездесті", – деді Айдар Сайтбеков.

Естеріңізде болса, бұған дейін Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қайтыс болуына байланысты Алматы қаласының полиция департаменті ҚР ҚК-нің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысын бастады. 

Курсанттың өлімінен кейін Алматы академиясының бастығы қызметінен кетті. 

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу