Қайың басындағы қонжық (видео)

1076

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауылы маңына қонжықтар келген. Біреуін суретке "басып", видеоға жазып алған ауыл түрғыны inbusiness.kz тілшісіне болған оқиғаны әңгімелеп берді.

Қайың басындағы қонжық (видео)

"Иттер абалап, екі қонжықты қуып жүр екен. Ауыл шетінде тұратын бірнеше адам жиналып қалдық. Иттерді айғайлап тыйып тастадық. Бір қонжық орманға зып беріп еніп кетті, ал екіншісі қайыңның басына шапшаң өрмелеп шықты. Қалтафонға "басып" алдық. Дегенмен қонжық ірі, мықты көрінді. Былтырғы қонжықтары болса керек. Жаяу аса жақындауға қорықтық. Біраздан соң иттердің басылғанын білген ол қайыңнан асықпай түсіп, қалың нуға беттеп, кетіп қалды. Аман-есен кеткеніне қуандық", – деді Сейдахмет Әшімханов есімді ақсақал.

Катонқарағай ауылының сырты қалың орман, аспанмен астасқан таулар. Тұрғындары табиғаттың сырына әбден қанық.  

"Қыс қыр астында, ұя іздеп жүрген түрлері ғой. Үй жанындағы тоғайда самырсын, қарағай, қайың қалың, мүк бар дегендей... Соның ішінен ұя салып алмақшы. Тауды қар басқан соң етекке түскен болар. Бір жасқа толған соң, бұлар енесінен бөлініп, жеке тіршілік етеді енді", – деді Сейдахмет ақсақал.

Мән-жайды Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерінен білдік.

"Бұл 20 қазанда болған. Бізге ауыл халқы хабар берді. Алайда барғанымызда аю кетіп қалған екен. Ізін суретке түсіріп алдық. Сол күні және ертеңінде маңайды шолып шықтық, ешқандай аю көрмедік. Ұзап кетіп қалған болуы мүмкін. Жалпы бұл біздің аймақта қалыпты құбылыс. Осы уақытта аюлар орын ауыстырады. Ресей жаққа қарай ауады. Кейбірі малға, ара ұясына түседі. Ауыл тұрғындары аюдың шамамен бір жастан асқанын айтады. Ол қонжық емес, үлкен аю болып есептеледі. Сондықтан оларға жақындамауды, тиіспеуді халыққа ескерттік", – деді Ұлттық парктің жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымов.

Ұлттық парк қызметкерінен "аю адамға немесе малға қауіп төндірген болса, оны атып алуға рұқсаттарыңыз бар ма?" деп сұрадық.

"Біз оны үркітуге ғана міндеттіміз. Бізден жоғары тұрған органдар рұқсат берсе ғана ата аламыз", – деп жауап берді ол.

Осы жазда санақ жүргізілген. Ұлттық парк аумағында 335 аю тіркелген.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу