Қайырбек Өскенбаев "жолдың жағдайынан толық хабардар екенін әрі бұл мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайтынын" атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР ИИДМ басшысы Instagram-дағы парақшасында жұмыс сапарлары барысында өңірлердегі жол құрылысын тексеруді жалғастырып жатқанын айтты.
"Шынын айтқанда, жұмыс орнында отырып, мәселені сырттай бақылап тапсырма беру бір басқа, "100 рет естігенше, бір рет көр" демекші, жұмыстар жүргізіліп жатқан жерге келіп, өз көзіңмен көру бөлек. Сондай-ақ демалыс күндерімді пайдаланып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарға ескертусіз де барып, көріп жүрмін. Сіздермен атқарылып жатқан жұмыстың нәтижелерімен барынша бөлісуге тырысқаныммен, басым бөлігі Instagram-нан тыс қалып жатады", – деп жазды министр.
ИИДМ басшысы "Қызылорда – Жезқазған" жолының жағдайынан толықтай хабардар екенін айтты.
"Өздеріңіз білетіндей, қай жолдың мәселесі болсын, маған таңсық емес. Ұзындығы 412 шақырымды құрайтын автожол учаскесі өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Жоба 10 учаскеден тұрады. Атап айтқанда, Қызылорда облысының аумағында – 6, Қарағанды облысында 4 учаске. Жобалардың жалпы құны 108 млрд теңге, оның шеңберінде 2 көлік айрығы, 3 көпір, 45 темірбетон құбыр мен 6 демалыс алаңын салу көзделуде. Жолдың жағдайынан толық хабардармын әрі бұл мәселені өзімнің жеке бақылауымда ұстап отырмын. Осы ретте Президенттің автожолдарға қатысты берген тапсырмалары орындалып жатқанын атап өткім келеді. Әлбетте, бұл біркүндік мәселе емес, сондықтан жүйелі түрде шешілуі тиіс. Яғни уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ деп санаймын", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр еліміздің маңызды көлік артерияларында жүріп жатқан жұмыстар турасында ақпаратпен бөлісіп, солардың бірқатарына қысқаша тоқталып өтті.
Оның айтуынша, биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 11,2 мың км қамтылды, оның ішінде республикалық желі бойынша 7 мың шақырым.
"Автожол инфрақұрылымын дамыту – жұмыс барысындағы басым бағыттардың бірегейі болып табылады. Мәселен, "Алматы – Қарағанды", "Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат" және "Талдықорған – Өскемен" сияқты магистральдық маршруттарда басталған реконструкциялау жұмыстарының сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы министрлігіміздің ерекше бақылауында. "Орталық – Оңтүстік", "Ақтөбе – Атырау – Астрахань", "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен", "Ұзынағаш – Отар", "Үшарал – Достық", "Қостанай – Денисовка" жобалары аясында республикалық маңызы бар жолдар толық ауқымды жұмыстармен қамтылып отыр", – делінген жазбада.