Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қайырымдылық туралы заңға бірнеше бағытта өзгерістер енгізілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер вице-министрден қайырымдылық қорларына тексеріс жүргізіле ме деп сұрады.
Қанат Ысқақовтың айтуынша, бұл мәселе тікелей Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырына кірмейді.
"Сәуір айында бұл мәселеге қатысы бар министрліктерді жинаған болатынмын. Әрине, бұл тақырып бәрімізге қатысты. Нақты көмек көрсетіп жатқан жақсы қорлар бар. Қайырымдылық қорларының атын жамылып жұмыс істеп жатқан желідегі "қорлар" да бар. Бұл тек қорларға ғана қатысты емес, жекелеген азаматтар да суреттер жариялап, кейін халық соған ақша жіберіп жатады. Олар қаражаттың нақты қайда кететінін білмейді. Бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан нақты реттелмеген және ақша қайда жіберілетіні көрінбейді", – деді Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі қайырымдылық туралы заңға бірнеше бағытта өзгерістер енгізілетінін жеткізді.
"Біріншісі – азаматтарды қайырымдылық көмек көрсетуге ынталандыру. Екіншісі – жариялылық, есептілік, барлық қайырымдылық ұйымдарының есебін БАҚ-та жариялау", – деді Қанат Ысқақов.