Футзалдан Алматының "Қайратын" жаңа маусымнан бастап жаңа бапкер жаттықтырады, деп хабарлайды 24.kz.
Пауло Рикардо Фигейро Силва немесе жай ғана Кака алматылық клубпен 2 жылдық келісім шартқа отырды. Егер клуб басшыларының сенімін ақтап жатса, келісімшартты тағы екі жылға ұзартады.
Күз айынан бастап Какаудың орнын басатын Кака жайлы айтар болсақ, 41 жастағы бразилиялық маман бұған дейін Әзербайжан құрамасын және 2012 жылдан бастап Ресейдің "Юграсын" баптап келеді. Құралақан емес. Үш дүркін Ресей кубогының жеңімпазы, Ресей чемпионы, УЕФА кубогының иегері. Футболшы кезінде ала допты ұршықша иірген. Испанияның "Барселонасы" мен Мәскеу "Спартагында" жасындай жарқылдаған Кака енді "Қайратты" ұшпаққа шығара ала ма? Баспасөз мәслихатында осы және басқа да сауалдарға жауап берген Кака алдағы жоспарларымен де бөлісті.
"Дәл қазіргі таңда "Юграмен" келісімшартым айталған жоқ. Сол секілді Какауда маусым соңына дейін "Қайратпен" жұмыс жасайды. Жаңа маусымнан бастап іске кірісетін боламыз. Қандай өзгерістердің болатынын уақытында көресіздер. Бірақ дәл осы сәтте командадан кімдер келіп, кімдердің кететінін айта алмаймын. Тек қана шетелдік футболшылар емес, жергілікті ойыншыларға да сенім артатын боламын. Маған жүктелген тапсырма – барлық жарыстарда жеңіске жету", - дейді Пауло Рикардо Фигейро Силва (Кака).