Аталған қылмысты ашуда бейнекамералардың көмегі зор болды деп, хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Қылмыстық полицияның қызметкерлері елорда аумағында кәріз құдығының шойын қақпағын ұрлаумен айналысқан 30 және 23 жастағы екі ер азаматты қолға түсірді.
Астана қаласы ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер азаматтар түнгі уақытта автомашинамен жүріп, қылмыс жасаған. Осылайша олар 30 шойын қақпақ ұрлапты. Бұдан кейін қаскүнемдер ұрланған қақпақтарды металл қабылдау орнына тапсырған.
"Ұсталған азаматтар бұрын сотты болған. Олар ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша жауапқа тартылды. Қазіргі таңда аталмыш факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Сатып алушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту және "ұрланған затты сатушы" ретінде есепке қою туралы мәселе шешілуде", - деп жазылған хабарламада.
ІІД-де атап өткендей, құбыр мен қақпақ ұрлай отырып, қаскүнемдер материалдық шығын келтіріп қана қоймай, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.