"Қақтығыс аймағындағы 14 қазақстандық Ресей елшілігіне жеткізіледі": СІМ желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды

697

Әлеуметтік желіде 14 қазақстандықтың бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізіледі деген ақпарат тарады.  

"Қақтығыс аймағындағы 14 қазақстандық Ресей елшілігіне жеткізіледі": СІМ желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды Фото: gov.kz

Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін заңгер Мейірман Шекеев "бүгін алғашқы 14 бала Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетінін" мәлімдеген болатын.

Ведомство бұл ақпаратқа қатысты ресми түсінік берді.

"Әлеуметтік желілерде 14 Қазақстан азаматы бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр. Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді. Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз.

Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін", – делінген ведомство таратқан ақпаратта.

СІМ Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.

"Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы Сыртқы істер министрлігі қосымша хабарлайды. Азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз. Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгеніне назар аударамыз", – деп хабарлады министрлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу