Қала әкімінің орынбасарына 4 млн теңге айыппұл салынды

575

Павлодар қаласында жоғары лауазымды шенеунік мемлекеттік сатып алу заңын өрескел бұзған. 

Қала әкімінің орынбасарына 4 млн теңге айыппұл салынды Фото: instagram.com/akimat.pavlodar

Антикор анықтаған дерек сотқа жетіп, Павлодар қаласы әкімінің орынбасарына 4 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Ол былтыр да мемлекеттік сатып алу заңына қайшы келіп бір млн теңгедей айыппұл төлеген.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқпаров 2022 жылы мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізбестен бір фирмамен тікелей келісім шарт жасасқан. 

Осылайша, жалпы сомасы 2 млрд теңгедей болатын тендерді конкурссыз бере салған. Бір айта кетерлігі, қазіргі қала әкімінің орынбасары ол кезде Павлодар қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болатын. 

"Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жасаған кезде ТҮКШ бөлімі басшысының бір фирмамен 1,9 млн теңгеге 17 келісім шарт жасасқаны анықталды. Біз мониторинг қорытындысынан кейін шара қолдану үшін материалды Қаржы министрлігінің ішкі аудит комитетіне жолдадық", дейді СЖҚІҚ департаменті привенция басқармасының басшысы Назымбек Бекжанов.

Сот барысында шенеунік ешқандай заң бұзушылық жасамағанын айтқан. Оның мәлімдеуінше, қаланы абаттандыруға арналған қаражат тек мамыр айында бөлінген. Одан кейін конкурс жариялап жеңімпазды анықтағанша күз болып, жұмыстар атқарылмай қалуы мүмкін еді. Сол себепті ол, мердігермен тікелей келісім шарт жасасқан. Дегенмен, сот оның әрекетін заңға қайшы деп танып, айыппұл төлеу жазасын кесті. 

"ТҮКШ бөлімінің бұрынғы басшысының кінәсі сотта анықталды. Лауазымды тұлға 207 баптың 11 бөлігі бойынша 17 әкімшілік құқық бұзған. Сот оған 100 АЕК көлемінде яғни, 4 млн 105 мың 500 теңге айыппұл тағайындау жөнінде шешім шығарды", дейді Облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Агидель Ибраева.

Арслан Қалияқпаров осыған ұқсас әрекеті үшін былтыр да айыппұл арқалаған. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті хабарлағандай, лауазымды тұлға конкурс жариялаған кезде лоттардың санын қысқартып, мүдделес мердігерден өзге компанияларды мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыстырмау үшін талаптарын қиындатқан.  

"Біз ол айғақты анықтап әкімшілік сотқа бердік. Сот айыппұл төлеу жөнінде шешім шығарған. Алайда, олар келіспей айтыс-тартыс тоғыз айға созылды. Ақыры облыстық сот нүктесін қойып, бөлім басшысы бір млн теңгеге жуық айыппұл төледі", дейді Бәсекелістікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Бейбіт Молдабеков.

Шенеунік қанша рет заң бұзса да әкімшілік жазамен құтылуда. Енді оның мәселесін өңірдің мемлекеттік қызмет істері жөнендегі департаменті май шаммен қарамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу