Астана қаласының әкімі Қала күні мерекесін тойлау қарсаңында қала активімен кездесу өткізіп, жиналғандарды салтанатты түрде құттықтады.
"Келе жатқан Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл мереке қоғамдық-саяси маңызы бар, еліміздің әрбір азаматы үшін жалпықоғамдық мереке болып табылады. Астана Қазақстан егемендігінің басты символдарының бірі, бүкіл әлемге танымал бренд. Осы сәтті пайдалана отырып, Астана қаласының дамуы мен күннен күнге гүлденуі үшін жағдай жасап отырғандарыңыз үшін әрқайсысыңызға алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл қаланы одан әрі әдемі, ыңғайлы, таза етуде бірігуіміз қажет", - деді Әсет Исекешев.
Шаһар басшысы әрі қарай қаланың даму нәтижелері және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы есеп беріп, шешімді қажет ететін мәселелерді тілге тиек етті.
Мәселен, 2017 жылдың 5 айында барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша жағымды өзгеріс байқалуда. Өндіріс өндіру көлемі 216,4 млрд теңгеге, инвестиция тарту 265,4 млрд теңгеге артты. 37% өсіммен 1,3 млн текше метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Тіркелген орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 142 мыңға жетті, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді.
2017 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында мемлекеттік бюджетке түскен түсім көлемі 422,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджетке 325,3 млрд теңге, жергілікті бюджетке 97,4 млрд теңге сомасында қаражат аударылды.
Дегенмен, білім ордаларында орын жетіспеушілігі, құқықтық тәртіп мәселелері, инфрақұрылымды жақсарту және үлескерлердің мәселелері секілді шешімді қажет ететін мәселелер бар.
Қалалық мәслихат депутаттарының шешімі бойынша 4 адамға "Құрметті азамат" атағы берілді. Сондай-ақ әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері мен ішкі істер органдарының және де басқа сала қызметкерлері пәтер кілттерін алды.