Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қала құрылысы туралы Кодекстің жобасын қайта қарап, жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізді экономикалық-әлеуметтік дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұр. Мысалы, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес. Инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етілмейтін елдерге кетіп қалады. Үкімет халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, инвесторлар үшін жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдету керек", - деді Президент.
Мемлекет басшысы осыдан 1,5 жыл бұрын Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырғанын еске салды.
"Бірақ менің атыма бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлерден өтініштер келіп жатыр. Олардың айтып жатқан шағымдары мынадай: қазіргі Кодекстің жобасы қойылған талапқа сай келмейді, бұрыннан бар нормалар ұсынылған, жаңа тәсілдер мен шешімдер жоқ. Сондықтан, Кодекстің жобасын қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажет", - деді Тоқаев.
Айта кету керек, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатқанын жазған болатынбыз.