Қазақстанда көліктерді өткізу бекеттері қысқармақ. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.
"Ішкі бекеттер қысқаратын болады. Тек шекаралық аймақтағылар қалады. Ішкі бекеттер жойылады, шамамен 300-ден астам қызметкер бүгінгі таңда күшейтуді қажет ететін қызметтерге ауыстырылады", – деді Алексей Калайчиди.
Қалаға кіреберістердегі бекеттер қонақүйлерге, сондай-ақ тынығу орындарына айналдырылмақ.
"Бекеттер қонақүйлерге беріледі, олар жолаушылардың жылынуы үшін, сондай-ақ қолайсыз жағдай кездерінде қызмет ететін болады. Адамдарға жұмыс орындары қарастырылған, біз бірде-бір қызметкерді жұмыссыз қалдырмауымыз керек", – деп атап өтті ІІМ өкілі.
ІІМ басшысының орынбасарынан тілшілер жол бекеттерін алып тастау қауіпсіздік пен тыйым салынған заттардың тасымалдануына қалай әсер ететіндігін сұрады.
"Тасымалдауға тыйым салынған заттарды бақылауға елімізде мүмкіндіктер жеткілікті. Бұл шаралардың барлығы 1 шілдеге дейін атқарылатын болады", – деп түйді Алексей Калайчиди.