Ақтөбелік Азамат Бейсауытов хоккейге ерекше қызығады. Құрлықтық хоккей лигасы мен ел ішінде өтетін жарыстарды барынша бақылап отыруға тырысады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Сондықтан болса керек, биылдан бастап ұлын хоккей үйірмесіне берді. Алайда, ол барып жүрген ғимараттағы мұзды қатырып, бір қалыпты температурада ұстап тұратын құрылғы істен шығып қалған. Балалардың еңсесін түсірмеуді ойлаған Азамат Бейсауытов өзі тұратын көп қабатты үйдің ауласын қардан тазартып, су таситын көліктерді жалдады. Сөйтіп, мұз айдынын жасап шықты.
"Ата-аналар да, көршілер де қарсы болған жоқ. Керісінше, алғыстарын жаудырып жатыр. Суды құйып қойғаннан кейін тегіс болып қатуы үшін біраз күтеміз. Өйткені, қатпай тұрып ешқандай із түспеуі керек. Із түскен жағдайда, балалар сол жерге сүрініп, жарақат алуы мүмкін. Ешкімнен қаржы сұрамадым, балалар тегін пайдаланады. Баласына бақытты шақ сыйлау әр әкенің міндеті емес пе?!", - дейді ол.
Жеке компаниялардың бірінде менеджер болып еңбек ететін тұрғын күнделікті жұмысынан кейін мұз айдынының жағдайын бақылап тұрады. Әр апта сайын қосымша су құйып, мұз бетін тегістейді. Қазір бұл жерде 2007-2008 жылы туған балалар жаттығып жүр. Олардың көбін ата-аналары шаһардың басқа аудандарынан алып келеді.
"Балам былтырдан бері хоккей үйірмесіне қатысады. Спорт мектебінің мұз айдыны жылда жұмыс істемей қалады. Жаттықтырушылар да тұрақтамайды. Өйткені, айлықтары шамалы.7-8 жастағылардың өзі 20 баладан екі топқа бөлініп жаттығады.Үлкен топтар тіпті көп. Сондықтан, әкімдіктен көмек берілсе, жақсы болар еді. Әзірше осы мұз айдыны көңілімізге медеу болып тұр", - дейді, балалардың бірінің анасы Жанар Потоцкая.
Азамат Бейсауытов мұз айдынын құю үшін жүз мың теңгеге жуық қаржысын жұмсаған. Одан бөлек апта сайынғы қосымша шығындары тағы бар.