Қалада қолқаны қапқан қоқыс иісі қыста да басылмай тұр

969

Тараздықтар қолқаны қапқан қоқыстың күлімсі иісінен қыста да құтыла алмағанына наразы.    

Қалада қолқаны қапқан қоқыс иісі қыста да басылмай тұр

Орталықтағы тұрғын үй кешендерінің маңындағы қоқыс контейнерлерін ертеңмен тиеп әкетуін әкетеді-ау. Бірақ түс болмай жатып, әлгі қоқыс алаңы қайтадан аузы-мұрнынан шығып үйіліп жатады. Күлімсі иісін қыстың қара суығы да баса алмай тұр.

Қаратау шағын ауданының №37 б тұрғын үйінде тұратын Рахила Сабаева пәтерінің терезесі қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған алаңға қарайтынын айтады. Онда алты және пластикке арналған екі торлы контейнер орнатылған. Алайда сол жерге 120 пәтерлі бес көп пәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары қоқыс тастаған соң, жағдай қайдан оңсын?! Контейнерлерге сыймағаннан кейін қоқысты алаңның қасындағы үйіндіге тастап, қазір оның биіктігі бір жарым метрге, ені 25 метрге дейін өскен.

Мамандар қоқысты уақтылы шығарылмауын қаржы тапшылығымен байланыстырып отыр. Автопаркті жаңартудың еш пайда жоқ екенін айтады. Штатты да көбейте алмай пұшайман күйде екен. Жұмысшылардың да жалақысы да аз екен.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, "Жасыл ел-Тараз" компаниясының қарамағында 268 қоқыс алаңы мен 1 380 контейнер бар. Өткен жылы олар 56 тоннадан астам қоқыс шығарған. Бірақ "Жасыл ел-Таразға" да шағым айтатындар көп.

Қоқыс шығарумен айналысатын "Тазалық" ЖК, "Сәрсенбай" ЖШС және "Сұлтанқазы" және "Нұрлы-Тараз" компаниялары өткен жазда қалалық мәслихаттан қызмет көрсету тарифін көтеруді сұраған екен. Алайда депутаттар тарифті көтеруден бас тартқан.

Жалпы Жамбыл облысы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу рейтингісінде республикада ең соңғы орында тұр. Өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша арнайы техника мен цехтар тапшы.

Айта кету керек, облыста стихиялық полигондардың проблемасы да шешілмей тұр. Былтыр олардың саны 340-тан асқан болатын.

Ардақ Үсейінова.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу