Бағдарламаның мақсаты – ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды көбейту, сондай-ақ ауыл тұрғындарын сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы ел ішінде ішкі көші-қонды тиімді реттеу, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы бойынша 2 ауылдық округтерде жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталып, қарқын алды.
Ж.Молдағалиев ауылдық округінде жеке кәсіпкер Мершат Әділбекұлы Жәрдемовтің тапсырысымен екі тұрғын үй тұрғызылды. Аталған үйлер қазіргі заман талаптарына сай және болашақ тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Ал, Сайқұдық ауылдық округінде "Арт-строй" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа тұрғын үйлердің салынуы – ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жас мамандарды тартуға ықпал ететін маңызды қадам. Сонымен қатар, ауылдағы еңбек ресурстарын сақтауға да мүмкіндік береді.