ІІМ-де қалалық полиция басқармаларының бастықтары лауазымына үміткерлер қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Министрдің бұйрығымен Тараз қаласы полиция басқармасының бастығы лауазымына Сматов Қанат Ералыұлы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Бұрын аймақтық департаменттің криминалдық полиция басқармасының бастығы болып жұмыс істеген Мадимаров Ардақ Тілегенұлы Жамбыл облысы ПД Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы қызметін атқарған Абдрахманов Асқар Қоңырұлы Орал қаласы полиция басқармасының бастығы болып бекітілді.
Рудный қаласының полициясы басшысы Иманов Болат Сапарғалиұлы Қостанай қаласы полиция басқармасы бастығы лауазымына тағайындалды.
"Ал Рудный қаласы ПБ бастығы болып Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген Байзақов Аманжол Мәмбетұлы тағайындалды.
Арқалық қаласы полиция басқармасының бастығы болып Баймурзин Орал Тумурзаұлы бекітілді. Ол бұған дейін Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған", - делінген хабарламада.