Қалалық үлгідегі кенттерге баратын жас мамандарды баспанамен қамту ұсынылды

147

Халық қалаулысы қаланың не ауылдың санатында жоқ кенттер мемлекеттік қолдауға зәру деп отыр.  

Қалалық үлгідегі кенттерге баратын жас мамандарды баспанамен қамту ұсынылды Фото: TDinform

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қалалық типтегі кенттердің инфрақұрылымын дамытуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қаланың не ауылдың санатында жоқ кенттер мемлекеттік қолдауға зәру. Кешегісінен бүгіні, бүгінінен ертеңі қиындап бара жатқан Кент тұрғындарының жанайқайына көңіл бөліңіз. Қалалардағы секілді инфрақұрылымы, басқа да өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктер жоқ болғандықтан, ауылдардаға тиесілі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдаудан тыс қалғандықтан кенттерге білікті жас мамандардың келуі өте сирек. Соның салдарынан кадр тапшылығы күн сайын күрделеніп барады. Қалалық типтегі кенттер тек елді мекендер ғана емес, ондағы өмір сүріп жатқан сан мыңдаған халықтың атамекені", – деді депутат.

Оның сөзінше, қалалық типтегі кенттер өздерінің арнайы аралық мәртебесі жоқтығы салдарынан көптеген мемлекеттік бағдарламаның қамту аймағынан шеттетілген.

"Қалалық типтегі кент тұрғындарының басты мәселелерінің бірі – білім беру саласындағы мұғалімдер тапшылығы. Әсіресе, химия, биология, физика және математика секілді пәндері бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі оқушылардың сапалы білім алуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Денсаулық сақтау саласында да кадр тапшылығы бар. Білікті дәрігер мамандардың жетіспеушілігінен халықтың денсаулық деңгейі төмендеп барады. Қалалық мәртебеге де, ауылдық мәртебеге де толық сәйкес келмегендіктен, бұл аймақтар екі бағыттағы да мемлекеттік қолдау шараларынан шет қалып жатыр", – деп атап өтті Аманжол Әлтай. 

Мәжіліс депутаты қалалық типтегі кенттерге инфрақұрылымдық және экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек кенттерге келген жас мамандарды баспанамен қамту мәселелері оң шешімін табуы тиіс екенін де жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу