"Қаламқас" мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде шыққан өрт әлі жанып жатыр. Оны өшіруге 50-ден астам адам жұмылдырылған, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
Жалын ошағына жетуге жолдардың болмауы өрт сөндірушілерге қиындық тудыруда.
Айта кетсек, 13 наурызда "Қаламқас" мұнай кен орнында бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай орын алған еді. Дегенмен энергетика министрлігі мұнайдың жер бетіне жайылмағанын, төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары толық жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.
Алайда 25 наурызда 8232 ұңғымасында газ-су қоспасының ошағынан өрт шықты.
"Қаламқас" кен орнын "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ игереді. Бұл компания – Қазақстанның ірі мұнай өндірушілерінің бірі. Компанияның иелігінде 36 мұнай және газ кен орны бар. 1996 жылы компания 25 жылға мемлекеттік лицензия алған.