"Қаламқас" кен орнындағы алапат өртке жол берген бірқатар компания лицензияларынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы энергетика министрлігінің баспасөз қызметі құлағдар етті, деп хабарлайды Atameken Business.
Хабарламаға сай, Маңғыстау облысының экология департаменті "МаңғыстауМұнайгаз" компаниясының үстінен шағым әзіреуде. Табиғат жанашырлары мекемеге 2018 жылы берілген мемлекеттік экологиялық анықтаманың оң тұжырымдамасын қайтарып алмақшы екен. Сонымен қатар департамент "СиБу" серіктестігіне қатысты арыз түсіргелі жатыр. Ал энергетика ведомствосы "СиБу" компаниясының ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат беретін лицензиясынан айырмақ.
Ауқымды тілсіз жаудың қоршаған ортаға келтірген шығыны 100 миллион теңгеге жуықтаған. Ауа, топырақ пен жер асты суларының сынамаларын тексерген мамандар формальдегид, метан, аммиак, күкірт сутегі, фенол сынды улы заттардың ауаға тарағанын анықтаған.
Еске салайық, 25 наурызда "Қаламқас" кенішінде алапат өрт тіркелген еді. Аталған кен орнындағы ұңғымалардың бірінен шыққан газ жанып, биіктігі 10 метрге дейін жететін жалын атқылаған болатын. Қызыл жалын 4 күн дегенде әрең сөндірілді.