Үш қабатты үйлерге жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмегенге ұқсайды. Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша 51 үй апатты деп танылған.
Inbusiness.kz тілшісі адам көргісіз жағдайдағы тұрғынжайға арнайы барды.
Әуелі әлеуметтік желіде фотолары тарап кеткен тұрғын үйлерге қатысты көпшіліктің ойы қақ жарылды. Бірі мұндай сұрықсыз пәтерлерді сүріп тастауды ұсынса, кейбірі ең болмаса күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтқан. Ал, енді бірі сонда тұрып жатқан тұрғындарды кінәлайды. Себебі, пәтердің сырты ғана емес, іші де әбден ескірген.
- Ә.Бөкейхан көшесі №41 көпқабатты үйді күрделі жөндеу бойынша тұрғын үй инспекциясы мамандарымен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Яғни, көпқабатты үй апатты үйлердің тізіміне енгізілмеген. Сондықтан, пәтер иелері кооперативі тұрғындармен жалпы жиналыс жасап, 70% келісім болған жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары (модернизация) жасалатындығы жеткізілді, - деп хабарлайды "Ашық Қызылорда" парақшасы.
Қала тұрғыны Айтілес Жайшылық Қызылорданың қақ ортасында мұндай көріксіз жағдайдағы үйлердің барын білмейтінін айтып отыр.
- Жеке жұмыстарыммен жүріп, қаладағы тұрғын үйлердің біріне жолым түсті. Тұрғынжай "Автовокзал" маңында орналасқан. Шыны керек, қаланың қақ ортасында мұндай жағдайдағы үйдің бар екенін көріп, қатты таңғалдым. Есік жөнді жабдықталмаған, бөгде адамдардың кіріп-шығуына қарсы шаралар жасалмаған десек те болады. Көпқабатты үйдің алдындағы көліктердің аздығын, адамдардың кіріс-шығысының төмен екенін көріп, тұрып жатқан адамдардың аздығын байқадым. Терезелер сынған, подъезд адам көргісіз халде. Баспалдақтары қираған, құбырлардың әбден тозғанын аңғару қиын емес. Тұрғындар әр жерін әурелеп, күнелтіп жүрген секілді. Мұндай жағдайдағы үйдің осы күнге дейін апаттылар санатына қосылмағанына қайран қалдым, - дейді ол.
Жалпы, тұрғын үйі сараптама қорытындысымен апаттық деп танылған жағдайда пәтер иелері тұрғылықты мекенжайы бойынша тиісті құжаттарды Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына сәйкес, 5 жыл көлемінде жеке меншігінде басқа тұрғын үй болмаса, (ЭЦҚ кілті арқылы) ақпараттық жүйелер платформасы "kezekte.kz" сайтына өтінім беру жолымен тапсыра алады. Тұрғын үй өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі.
Қызылорда облысында демеушілер есебінен былтыр көпқабатты үйлердің қасбеттері көп жаңаланды, жұмыстар биыл да жалғасады. Сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткен пәтерлер де бар. Тұрғындар "жаңалау жұмыстары бізге де келетін күн туар" деп отыр.