Қаланың кіреберіс қақпасы күл-қоқысқа толы

869

Ал тарихи Таразда қалаға кіреберіс қақпа іші қоқыс тастайтын орынға айналған. Ол аздай баспанасыз босып жүргендер онда түн ауа келіп түнейтінді шығарған. 

Қаланың кіреберіс қақпасы күл-қоқысқа толы Фото: Massaget.kz

Өйткені даңғарадай қақпа есігі айқара ашық. Енді жақын маңда қоныс тепкен қараша балалары үшін алаңдаулы. 

Сырты сәнді қақпаның ішкі көрінісі көңіл көншітпейді. Іште қоқысы тола нысан иісі қолқаны қабады. Шамы мен тоғы да үзілген. Қабырғаға сызат түсіп, сылақтары да түскен. Ал есігі морт сынған. 

"Сол күйінше ашық тұр. Ешқандай құзырлы орган, ешқандай акимат шара қолданбаған. Балалар өздері емін-еркін өздері мініп, өміріне қауіп төніп, құлап кетуі де мүмкін", деді Тараз қаласының тұрғыны Ырысты Назарбекова.

Мұндағы тұрғындар мәселе желіге 10 күн бұрын жүктеліп еді дейді. Енді жарытып жауап берер жан табылмай тұрғанын айтады. Сорақысы биікке шығып, оны қызық көрген жастар "селфилетуді" де жиілетіпті. 

Жұрт көкейінде бір сұрақ: қақпаға қара құлып салуға әкімдік құлықсыз ба дегенді алға тартады. Әйтпесе көркі көз тартар нысан тарихи Тараздың туристік ғимаратымен пара-пар. Алайда түймедей түйіткілді қала әкімдігі әуелі түйедей етті. Тіпті тұрғын-үй коммуналдық, шаруашылық бөлімінің басшысы мәселеден бейхабармын дейді. Сөйтіп қала әкімі орынбасарын сөзге тарттық. 

"Қазір ішіндегі күл-қоқысты тазалап, құлыпты орнына қоямыз. Жағдайы бойынша келесі жылдың бюджетіне енгізіп, толығымен жөндетеміз", дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Қақпа келер жылы ағымдағы жөндеуден өтпек. Әзірге қанша қаражат қаралары белгісіз. Бірақ жобалық-сметалық құжаттамасы есептелуде екен. 

Айта кетейін, батыс қақпа саналатын нысан осыдан 7 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай думандатып ашылған болатын.

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу