Қаланың жолдары салмағы 25 тоннадан асатын көліктерге шыдамайды – министр

134

Бұл мәселенің көтерілгеніне біраз жыл болды.

Қаланың жолдары салмағы 25 тоннадан асатын көліктерге шыдамайды – министр Фото: Pixabay.com

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына салынатын тыйымға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер "1 қаңтардан бастап салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынбақ. Бүгінде бұл бағытта қандай шешім бар?" деп сұрады.

"Бұл мәселе өте маңызды. Бұл сұрақ 2022 жылдан бері көтеріліп жатыр. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені көтерген болатын. Себебі жүк көліктері жолдарды құртады. 2022 жылы заңға енгізілген, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілуі тиіс болған. Біз біраз жұмыс жүргіздік, қауымдастықтармен кездестік. Қазір машина көп болғаннан кейін, депутаттық корпус бұл норманы алып тастауға ұсыныс берді. Бұл норма 1 қаңтардан бастап енгізілмейді. Біз басқа жұмыстар атқарамыз. Келесі жылы цифрлық шешімдер енгіземіз", – деп жауап берді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Howo секілді көліктер тек қана карьерде жүруге арналған. 

"Оның салмағы 60 тоннаға жетеді. Енді 60 тонналық көлік біздің тасжолға шықса, жолдар бір жылдың ішінде бүлінеді. 1 трлн теңгені жолға жұмсап, оны бір күнде жоғалтамыз. Дұрыс емес қой. Ондай машина вагон ғой. Олардың тасжолға шығуына болмайды. Депутаттар осындай ұсыныспен шыққанда, біз толық келісіп отырмыз. Бірақ мұндай көліктер көп. Басында 1 қаңтардан бастамай, кезең-кезеңмен енгіземіз. Басында ондай көліктерді үлкен қалаларға кіргізбейміз. Мысалы, Астанада үлкен жүк көліктері жүргенін байқауға болады. Бірақ қаладағы жолдар мұндай көліктерге шыдамайды. Содан кейін мұндай көліктерді қалаларға, облыс орталықтарына кіргізбейміз", – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, тыйым кезең-кезеңімен енгізіледі.

"Мүмкін толық тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарына қалады", – деді Н.Сауранбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу