Кальциленген сода зауытының жобасы төртінші рет қоғамдық талқыға салынады

577

Бұған дейін экологтар мен тұрғындар тарапынан бірнеше ескерту айтылған еді. 

Кальциленген сода зауытының жобасы төртінші рет қоғамдық талқыға салынады

Павлодар қаласының өндірістік аймағында кальциленген сода шығаратын зауыт салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Тіпті, жергілікті билік мемлекеттік бағдарлама аясында бұл аумаққа инфрақұрылым тартып жатыр. Алайда көпшілік тағы бір өндіріс орнының салынуына қарсы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұл жоба 2019 жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақыт аралығында үш қоғамдық тыңдау өтті. Бірақ өткен сайын сын-ескертпелер айтылып жатыр. Мәселен, "Эком" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белгілі эколог Светлана Могилюк сода шығаратын зауыттың салынуы өңірде су тапшылығын тудырады деген байлам жасады. 

"Облыста бұл жоба жүзеге асар болса, өңірдегі өндіріс саласы мүлде тоқтайды. Себебі бүкіл қала тұрғындары тұтынатын судың оннан бір бөлігін және кәсіпорындар алатын судың шамамен 8 пайызын сода зауыты пайдаланғалы отыр. Ондаған кәсіпорын, бизнес нысандар мен тұрғын үйлер пайдаланатын су көлемін бір ғана зауытқа берсек, тапшылық туындайтыны анық", – деген еді эколог. 

Осы сынды ескертпелер болғандықтан, жоба қайтадан толықтыруға жіберілді. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов атап өткендей, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. 

"Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтсе, тағы да қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады. Сол кезде көпшілік жаңа өндіріс орнына қатысты пікірін білдере алады", – дейді облыстың әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. 

Айта кетейік, "Павлодар-Сода" ЖШС жылына 200 мың тонна кальциленген сода алуды көздеп отыр. Сол арқылы импортқа тәуелділіктен түбегейлі арылуды көздейді. Бастапқы жоспар бойынша, 2022 жылдың екінші жартысында жаңа өндіріс орнының құрылысын бастап, 2024-2025 жылдары іске қосу қарастырылған болатын. 

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу