Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мен Атырау қаласындағы қағаз өңдейтін мекемеде болдым. Мекемені шикізаттың тапшылығы мәселесі алаңдатып отыр. Атырау кішкентай қала емес, қасында Ақтөбе, Орал бар. Неліктен шикізат жиналмайды деп сұрақ туындады. Сонда барлығы қоқыс ретінде не өртелетіні немесе жердің астына қазылып кететіні айтылды. Бізде өңдеу мекемелері бар. Бірақ сол кәсіпорындарға шикізатты дұрыс қалпында жеткізу үлкен мәселе болып тұр", – деді депутат.
Айдарбек Қожаназаров утиль алымның ақшасы қоқысты дұрыс жинау және оны бөлшектеуге неге бөлінбей жатыр деп сұрақ қойды.
"Осы қаражат жаңа полигондарды салуға, (қоқысты) өңдеуге неге бағытталмайды?", – деді Respublica партиясының төрағасы.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Тукеновтің сөзінше, Қазақстанда жылына 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі.
"Біз 185 млрд теңгеге 61 жобаны мақұлдап отырмыз. Ол екі миллион тоннадай сұрыптауды ұлғайтып, бір миллионнан жоғары қалдықтарды қайта өңдеу процесін арттырады. Нәтижені бір сәтте көргіміз келеді. Бірақ оның уақыттың еншісіндегі дүние екенін білуіміз керек. Өйткені зауыт салуы керек, оның жобалау, қайта қосу сатысы бар", – деді министрлік өкілі.