Калифорниядағы өрт екі сағат ішінде 150 жылдық тарихы бар Гринвилл қаласын жоқ қылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz америкалық БАҚ-қа сілтеме жасап. Гринвилл 1850 жылдары құрылған еді. Шаһар штаттағы алтын өндіру орталықтарының бірі болған.
5 тамызда түнде қызыл жалын Гринвиллдің тарихи бөлігінде орналасқан ағаш ғимараттарды шарпыған. Бар, қонақ үй және қалалық жанармай бекеттерінің бірі жанып кеткен. "Дикси" деп аталатын бұл өрт 112,5 мың гектардан астам аумаққа таралған.
2010 жылғы халық санағына сәйкес, Гринвиллде 1129 адам тұрған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Канада елінде орманды қызыл жалын шалып, салдарынан Литтон қаласының 90%-ы өртке оранған еді. Литтон мэрі Ян Полдерманның айтуынша, тілсіз жау 15 минут ішінде таралған. Ресми мәлімет бойынша, аптап ыстық пен желдің әсерінен өрт сағатына шамамен 20 шақырым жылдамдықпен жайылған. Қызыл жалын сонымен қатар Британиялық Колумбия су электр станциялары мен жергілікті инфрақұрылымға залалын тигізген.
Табиғат Нұрболат