"КамАгро" әрекетінен зардап шеккен фермерлерге қажетті көмек көрсетіледі – АШМ

818

Қазақстандық фермерлер Ресейдің "КамАгро" компаниясына мүйізді ірі қара малдың асыл тұқымы туралы шағым түсіріп отыр, яғни асыл тұқымды малдың орнына, саудалық мал жеткізілген.

"КамАгро" әрекетінен зардап шеккен фермерлерге қажетті көмек көрсетіледі – АШМ

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ресейлік "КамАгро" Сауда үйі"  компаниясының қазақстандық 16 фермерге мал жеткізіуі төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты хабарлама таратты.

Ведомство фермерлер малды шеттен жеткізу операторын өздері таңдағанын, келісім ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, "ҚазАгро" холдингі мен оның еншілес ұйымдарының қатысуынсыз жасалғанын атап өтті.   

"ҚазАгро" холдингінің еншілес компанияларынан несие қаражатын алғаннан кейін, қазақстандық фермерлер "КамАгро" компаниясымен Чехия мен Польшадан 1 269 ірі қара малын жеткізу туралы келісім жасасқан. Ары қарай келісімшарттық міндеттемелерге сәйкес, фермерлер "КамАгроға" келісімшарт сомасынан орта есеппен 89% аванс жіберген. 1269 бас ірі қара малдың тек бір бөлігі ғана жеткізілген, ал қазақстандық фермерлер Ресейдің "КамАгро" компаниясына мүйізді ірі қара малдың асыл тұқымы туралы шағым түсіріп отыр, яғни асыл тұқымды малдың орнына, саудалық мал жеткізілген.

Қазақстан Республикасының "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" Заңына сәйкес асыл тұқымды малдың мәртебесін республикалық асыл тұқымды мал палатасы ұсынған тәуелсіз аккредиттелген қоғамдық ұйымдар белгілейді, ұйым Чехия мен Польшадан "КамАгро" әкелген малдың тұқымдық мәртебесін растамаған.

Орын алған жағдайға байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері фермерлермен бірге Қазан қаласына барып Татарстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің алаңында  бірнеше рет келіссөздер өткізді, сонымен қатар Чехия Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарымен және Чехия Республикасының Қазақстандағы Елшісімен кездесулер ұйымдастырды.

Осы кездесулердің және Татарстанның құқық қорғау органдарымен өзара жұмыс жүргізудің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің мүдделері үшін қылмыстық іс қозғауға қол жеткізді.

Қазіргі уақытта министрлік 16 қазақстандық фермердің проблемаларын шешу үшін барлық шараларды қабылдауда.

Біріншіден, "ҚазАгро" холдингінің еншілес компанияларына зардап шеккен фермерлерге төлемді кейінге қалдыру және сыйақыны 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтата тұру ұсынылды. Барлық айыппұлдар да алынып тасталады.

Екіншіден, "ҚазАгро" холдингінің еншілес ұйымдары 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін қосымша төлемдерді кейінге қалдыру және несие бойынша сыйақы есептеп тұруды тоқтата тұру туралы медиация әдісін сот тәртібімен қарауға дайын. "КамАгро"-ның келісімшарттық міндеттемелерін орындамағаны туралы қылмыстық істі сот қарауының нәтижелері бойынша 2033 жылға дейін одан әрі ұзарту мүмкіндігі қарастырылады.

Үшіншіден, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей тарапына, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Бас прокуратураға, сондай-ақ Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне хаттар жіберді.

Сонымен қатар, Татарстан Республикасының басшылығына, Татарстанның құқық қорғау органдарына "КамАгро" келісімшарттық міндеттемелерін орындамағаны туралы хат жіберілді. Мәселені шешу үшін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы, Чехиядағы және Польшадағы елшіліктері, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі жұмылдырылды.

Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қадағалауына алынып, 16 фермерге тұрақты кеңес беріліп, арнайы мамандар бекітілді. Бұдан бөлек, ақысыз заңгерлік көмек, оның ішінде Қазақстанның және шет елдердің мемлекеттік органдарында талап арыздар дайындау кіргізілген. Үнемі бақылау жүргізіледі және барлық келіп түскен өтініштер жеке қарастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу