Қамауға алынған Павлодар мұнай зауытының бұрынғы басшысы депутаттық мандатынан айырылды

699

Сондай-ақ "AMANAT" партиясы құрамынан шығарылды. 

Қамауға алынған Павлодар мұнай зауытының бұрынғы басшысы депутаттық мандатынан айырылды

Сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мүлікті меншіктеп алды деген күдікке ілінген Павлодар мұнай-химия зауытының директоры Оспанбек Әлсейітов облыстық мәслихаттағы орнынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9 ақпан күні мұнай компаниясының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, уақытша қамауға алынған болатын. Оспанбек Әлсейітов пен басқа да тұлғалар ПМХЗ дизель отыны өндірісін заңсыз аутсорсингке шығарды деген айып тағылып отыр. 12 сәуір күні зауыт басшылығына қатысты тағы бір қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, кәсіпорында 2021 жылы шикі мұнайды өңдеу бойынша қызмет көрсету ақысы тым жоғары болып бекітілген.

Осы жайттарды ескерген Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Ернұр Әйткенов Оспанбек Әлсейітовтың "AMANAТ" партиясы қатарынан шығарылғанын және депутаттық мандаты қайтарылатынын айтты.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға сәйкес, депутат өзі сайланған саяси партиядан шыққан жағдайда депутаттық өкілеттілігі мерзімінен бұрын аяқталады. Депутат Оспанбек Балтабайұлы "AMANAT" партиясы саяси бюросының 2022 жылғы 24 ақпандағы №3 қаулысыны негізінде партия құрамынан алынды. Соның негізінде депутаттық жұмысы да тоқтайды", – деді Ернұр Әйткенов.

Айта кетейік, бұған дейін облыстық мәслихаттың тағы бір депутаты – Қайрат Әбішев көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, мандатынан айырылған еді.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу