Камбоджа Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесімен танысты

299

Үш функционалдық аймақты қамтитын AI-офистер өкілдердің қызығушылығын тудырды.  

Камбоджа Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесімен танысты Фото: gov.kz

Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру және жаңғырту тәжірибесін зерделеу мақсатында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру үдерісімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.

Бүгінде Қазақстандағы 318 фронт-офисте мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн көрсетіледі.

Делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша әзірленген заманауи цифрлық офистер, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары және дайын құжаттарды тәулік бойы алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.

Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді біріктіретін AI-офистер тудырды. Оның құрамында азаматтарға анықтамаларды өздігінен алуға мүмкіндік беретін SELF, онлайн қызметтерді рәсімдеуге арналған DIGITAL және күрделі мәселелер бойынша маман көмегін ұсынатын ASSIST аймақтары бар.

Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері қазақстандық цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалап, бұл тәжірибенің мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғыртуға пайдалы болатынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу