Кәмелетке толмағандар жасаған ауыр қылмыс саны 36,5%-ға өскен

669

Үкіметте жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі талқыланды.

Кәмелетке толмағандар жасаған ауыр қылмыс саны 36,5%-ға өскен Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте жасөспірімдер қылмысы туралы айтылды.  ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс санының 13,5%-ға, ауыр қылмыстар бойынша 36,5%-ға өсуі байқалады.

Оқу-ағарту министрлігі мәселеге әсер ететін негізгі себептер ретінде ата-аналардың отбасындағы тәрбие процесінен алшақтауын және интернет-мазмұнның теріс әсерін атайды. Буллинг жағдайларының көбеюі үлкен алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты мектептердегі психологиялық көмек қызметін күшейту, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жоспарланған.

Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуіне жасөспірімдердің бос уақыттарының тиімді ұйымдастырылмағаны да әсер етеді.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуі байқалады, бұл мәселені шешу керек. Жұмысты жүйелі жолға қою, балаларды сабақтан тыс іс-шараларға тартудың жаңа форматтарын табу, буллингке қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесін зерделеу, педагогтарды отбасының әлеуметтік портретін құрастыру әдістеріне оқыту бағдарламасын әзірлеу, баланың мазасыздық деңгейін анықтау бойынша электрондық сауалнама жүргізу қажет, — деп атап өтті вице-премьер.

Кеңес қорытындысы бойынша Алтай Көлгінов мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту үшін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың қызметіне талдау жасау және балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу  және балалардың құқықтары мен әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдауды жеделдету тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу