Канаданың Торонто қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына және Республика күніне орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама аясында этномәдени жәрмеңке, концерт және ұлттық киімдер көрсетілімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараларды Қазақстанның Канададағы Елшілігі мен Торонтодағы Консулдығы "Отандастар" қорымен және Торонто қазақстандықтарының қауымдастығымен бірлесіп өткізді.
19 қарашада ұйымдастырылған этномәдени жәрмеңкеде қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, қолөнерімен және ұлттық мұрасымен танысты. Одан кейін қазақ диаспорасы, канадалық қоғам, іскерлік және шығармашылық орта өкілдері қатысқан концерт өтті.
Кеште "Ұлытау" этно-рок тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина және продюсер әрі орындаушы Қыдырәлі Болманов өнер көрсетті. Канадалық көрермендердің ерекше қызығушылығын заманауи өңдеудегі домбыра мен жетігеннің үні тудырды. Сонымен қатар қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім топтамалары таныстырылды.
Мерекелік шараларға Онтарио провинциясы Заң шығарушы ассамблеясының бұрынғы депутаты әрі мультимәдениет істері жөніндегі бұрынғы министр Тони Рупрехт те қатысты.
Ал 20 қарашада Қазақстанның Торонтодағы Консулдығында Канада, АҚШ және Оңтүстік Кореядағы қазақ мәдени бірлестіктерінің басшылары мен белсенділері бас қосты.
Кездесуде шетелдегі қазақ диаспорасымен байланысты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, жастарды қауымдастық жұмысына тарту және ана тілін дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, бірлескен мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру жөнінде бастамалар көтерді.