Канал салынып бітпей жатып, сыр берді

951

Қыруар қаражат бөлінген Жамбыл ауданында Айша бибі ауылдық округіне қарасты "Райыс" каналының құрылыс жұмыстары бітпей жатып, сапасы сын көтермей, сыр беріп тұр.    

Канал салынып бітпей жатып, сыр берді

Былтыр соның салдарынан су жетпей, әбден шығын көрген шаруалар көктем тумай жатып, бұл шаруа бір жақты шешімін тапса дейді.

Шаруалардың пікірінше, аталған су арнасының жобасы әуел бастан дұрыс жасалмаған. Жауапты мердігер компания арнаның құрылысын қырға қарай бұрып жіберген. Соның салдарынан құрылысы үшінші жылға созылып келе жатқан "Райыс" каналы алғаш су жіберген кезде-ақ су ағысының екпініне шыдамай, қабырғалары қақырап, бір жарым айдан кейін ойылып түскен.

Құрылысшылар төрт күнге суды тоқтатып, ойылған жерлерді жамап-жасқап қойыпты. Қайта жаңартылмаған соң, оның үстіне бұрын ені 4 метр болатын арна жаңа сызба бойынша екі есеге қысқарып, жаздыгүні каналған секундына 3 текше метр су түсетін болса, енді су секундына 1,8 текше метрге дейін қысқарған. Содан шаруалар ағын судың зардабын әбден тартыпты.

Ауыл тұрғыны Нұрғазы Омарқұлов судың жетіспеушілігінен әбден шығынға ұшырағанын жеткізді. Шаруа қожалық басшысының айтуынша, былтырғы науқанда ағын судың өзіне 1 миллион 300 мың теңге төлеген. Ал егістік жұмыстары үшін деп салған 7-8 миллион теңге салымының 4 миллион теңгесін ғана қайтарыпты. "120 гектар алқапқа егілген пісте мен жүгерімнің тең жартысы қурап қалды", дейді ол.

Негізі жоспар бойынша "Райыс" каналының құрылысы былтыр аяқталуы тиіс еді. Салғырттықтың салдарынан бұл тағы бір жылға кейінге қалып отыр.

"ҚазСуШар" республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев мердігер компания мен жобалаушылар үш шақырым атыздың жарамсыз болып қалғаны өз кінәлары екенін мойындап отыр дейді.

Қазыбек Бедебаев компания алдағы уақытта каналды қайта кеңейтіп жасап береді десе де, жобаны аяқтау үшін қанша қаржы қажет екенін айта алмады.

"Райыс" каналы бұрын Жамбыл ауданының есебінде болған. Кейін қараусыз қалып, үш-төрт жыл бұрын ғана осы каналды "ҚазСуШар" мекемесі өз теңгеріміне алып, қайта жабдықтауға берген.

Осылайша мердігер компания көлемі 1 миллиард 880 миллион теңге болатын тендерді ұтып алған. Бірақ, нәтижесі... Канал да жарамсыз, су да жетер жеріне жетпей жатыр. Қысқасы, канал құрылысына қыруар қаражат бөлінсе де, қажетке жарамай тұр.

Ардақ Үсейінова.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу