Қанат Бозымбаев Атырау облысында төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмысты үйлестіреді

244

Өңірдегі дайындық режимі – жоғары деңгейде, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қанат Бозымбаев Атырау облысында төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмысты үйлестіреді Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев қазір – Атырау облысында.

Вице-премьер Ақтөбе облысымен шекара аумағын тікұшақпен айналып өтті. Жем өзеніндегі зақымдалған бөгеттің жағдайына баға берді. Кеше оның бұзылуы нәтижесінде Құлсары қаласының екінші және үшінші учаскелері, сондай-ақ "Жадырасын-2", "Болашақ", "Вахталық кент" шағын аудандары, "Қарағай" елді мекені су астында қалды.

6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысының үш ауданында күрделі су тасқыны жағдайы сақталуда, 2 елді мекенге көлікпен қатынау мүмкін емес.

Құлсары қаласында 2,6 мың жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимарат су астында қалып, 5 сәуірден бастап қауіпті аймақтан 15 632 адам шығарылды. Халықты эвакуациялау жалғасуда.

Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жалғасуда, топырақ толтырылған 45,9 мың қапшық, 174,3 мың тонна инертті материал төселді. 5 сәуірде Каспий теңізіне қарай су өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді, тағы бір рет мұз жару жоспарланған.

Әкімдік пен күштік құрылымдардың 600-ге жуық қызметкері, 148 техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.

5 елді мекенде – Миялы, Жангелдин, Көздіқара ауылдық округтері, Аққора, Жасқайрат ауылдарында қауіп-қатер сейілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу