Қанат Бозымбаев ЭКСЖ жобаларының мерзімінде орындалуын тапсырды

304

Қанат Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қанат Бозымбаев ЭКСЖ жобаларының мерзімінде орындалуын тапсырды Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі Жобалық кеңестің отырысы өтті. 

Жиында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының барысы, бірқатар өңірдегі жобаларды жеделдету және 2027 жылғы құрылыс маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, еліміздің тоғыз өңірінде 22 нысандағы жұмыстар аяқталған. Қазіргі уақытта 145 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтар сатып алынуда. Сонымен қатар келесі құрылыс маусымына дайындық аясында 180 жоба бойынша келісімшарттар жасалған.

Қанат Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған инвестиция көлемінің ауқымдылығына назар аударды.

"Қазіргі уақытта коммуналдық инфрақұрылымға арналған жобалар мен инвестициялардың жалпы пулы таңғалдырады. Тәуелсіздігіміздің бүкіл тарихында мұндай болған емес. Осы инвестициялардың барлығын уақтылы игеріп, нақты нәтижелерді көрсету қажет", – деді вице-премьер.

Отырыс барысында ұлттық жобаны іске асыру қарқынын арттыру үшін өңірлердегі ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажеттігі айтылды. Әкімдіктердің, коммуналдық кәсіпорындардың және Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттерінің бірлескен жұмысына ерекше мән берілді.

Бірқатар өңірде жобаларды жүзеге асыру қарқынының баяулығы атап өтілді. Мәселен, Түркістан облысында жоспарланған 13 жобаның 11-і бойынша келісімшарт жасалғанымен, құрылыс жұмыстары тек бес нысанда басталған. Ақтөбе облысында 17 жобаның сегізі бойынша шарт жасалып, төрт жобада құрылыс жүргізіліп жатыр. Өңірдегі жылу желілерінің тозу деңгейі 55%-ды, электр желілерінікі 76%-ды құрайды. Ал Жамбыл облысында 20 нысанның бесеуінде ғана құрылыс жұмыстары басталған.

Осыған байланысты Қанат Бозымбаев Жобалық кеңестің шешімдерін белгіленген мерзімде орындауды тапсырды. Үш өңірге биылғы жобалар бойынша келісімшарттарды 20 қарашаға дейін рәсімдеуді аяқтау міндеттелді.

Вице-премьер ұлттық жобаның тиімділігі тек игерілген қаражатпен өлшенбеуі керектігін атап өтті. Негізгі көрсеткіштер қатарында жаңартылған желілердің ұзындығы, олардың тозу деңгейінің төмендеуі және апат қаупінің азаюы болуы тиіс. Ұлттық экономика министрлігіне жобалардың орындалуын күнделікті бақылау тапсырылды.

Сондай-ақ 2027 жылғы құрылыс маусымына дайындық мәселесі қаралды. Әкімдіктер 1 желтоқсанға дейін конкурстық рәсімдерді аяқтап, жыл соңына дейін келісімшарттар жасасу мен қаржыландыру мәселелерін шешуі қажет.

Бұдан бөлек, отандық өндірушілерді қолдау, коммуналдық саланы цифрландыру және тазарту құрылыстарын жаңғырту бағыттары талқыланды. Ұлттық жоба аясында қазақстандық өнімдерді жеткізуге жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеден асатын 54 келісімшарт жасалған.

Жиын қорытындысында Қанат Бозымбаев жауапты ұйымдар арасындағы үйлестіруді күшейтіп, барлық жұмыстың белгіленген мерзімде орындалуын және өңірлерде ұлттық жобаның тиімділігін арттыруды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу