Қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат "Qazaq" Ислам Алматыда әйгілі филиппиндік Мэнни Пакьяомен жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы спортшының PR менеджері Берік Сұлтан facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды vesti.kz.
"Пакьяоның командасы дайын болса, "QAZAQ" командасы дайын. 22 наурыз Алматы қаласы "Almaty arena" спорт кешенінде бокс жанкүйерлері үшін үлкен шоу жасауға біз сақадай саймыз. Пакменнің командасы келіссе болды", – деп жазды.
Айта кетейік, Қанат Ислам соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні елордамыз Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулерін қорғап қалған еді. Ал филиппиндік боксшы соңғы рет 2 шілде күні жекпе-жек өткізіп, Джеф Хорннан жеңілген еді.