Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам АҚШ-ғы оқу-жаттығу жиындары кезінде жарақат алып қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Qazaq-тың кезекті жекпе-жегі 23 маусым күні өтеді деп күтілген еді. Алайда отандасымыз аяғынан жарақат алып, жаттығуын тоқтатты. Емделуге 1 айдай уақыт қажет екен.
Қанат алдағы кездесуінде мексикалық Фернандо Каркамо (23-8, 18 КО), жапон Йошихиро Камегаи (27-4-2, 24 КО) немесе америкалық Габриэль Росадомен (24-11, 14 КО) жұдырықтаспақ болған.
Айта кетейік, Қанат Ислам ақпан айында танымал менеджер Эгис Климаспен келісімге келіп, АҚШ-тағы жаттығуын бастады.
Қанат 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанды.
Қазақ боксшысы соңғы кездесуін 2017 жылдың 9 қыркүйегінде Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін сақтап қалған-ды.