"Қандай да бір өзгерістерді сезінбедім": Мәулен Әшімбаев уақыт белдеуі туралы

188

Уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіледі.

"Қандай да бір өзгерістерді сезінбедім": Мәулен Әшімбаев уақыт белдеуі туралы Фото: sputnik.kz/ Абзал Калиев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев уақыт белдеуінің ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Меніңше, барлық мәселеде кәсіби көзқарасқа, ғылыми пікірге сүйенген дұрыс. Әркім бұл уақытты әртүрлі қабылдайды. Бірақ дейтұрғанмен, нақты дүниелерге қарап, солардың негізінде шешім қабылдаған жөн. Тиісті сарапшылар, ғалымдар адамдардың денсаулығына кері әсерін байқап отырмыз дейді. Бірақ бұл олардың пікірі. Сондықтан да осы бағыттағы зерттеулер жалғасатын болады деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр. Сол себепті бірінші кезекте бұл мәселеде ғалымдар мен мамандарға құлақ асайық", – деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.

Тілшілер спикерден бірыңғай уақыт белдеуінің әсері байқалды ма деп сұрады. 

"Мен өте көп жұмыс істеймін. Мен қатысатын жиналыстар, іс-шаралардан да көріп жүрген шығарсыздар. Мен ерте тұрып, кеш жатамын. Соңғы жылдары солай өмір сүріп жүрмін. Сондықтан да осыған дейін қалай ерте тұрсам – қазір де солай істеймін. Қалай кеш жаттым – қазір де сол. Жеке пікіріме келсек, өз басым уақыт белдеуінің ауысуына байланысты қандай да бір өзгерістерді сезінген жоқпын. Жұмыс барысымен оған қатты мән бермеген де шығармын. Көп ұйықтамаймын", – деді Сенат спикері.

Журналистер уақыт белдеуінің әсерін зерттеуге 100 млн теңге бөлінудің қажеттілігі қандай деп нақтылады.

"Уақыт белдеуіне қатысты шешімдердің ғылыми негізделген болуы үшін зерттеуге қаражат бөлінеді. Меніңше, бұл – дұрыс қадам. Біз өркениетті ел құрып жатырмыз, шешімдер ғылыми негіздемелерге ие болуы керек. Сондықтан да қалай десек те, ғылыми зерттеулер қажет", – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу