Премьер-Министр Асқар Мамин Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Аталмыш отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантиндік режимді біртіндеп жеңілдету туралы тапсырмасын екі кезеңге бөліп іске асыру туралы шешім қабылданды. Сонымен, бірінші кезеңде Шымкент қаласынан басқа өңірлердің барлығында 27 сәуірден бастап өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс компаниялары мен құрылыс дүкендері, көлік, қоймалау, ауыл шаруашылығындағы сервистік ұйымдар, банктер мен қаржы секторының ұйымдары қатаң санитарлық шаралардыбасшылыққа ала отырып жұмысын жандандырады. Ал Шымкентте бұл кезең 1 мамырда басталатын болды.
Карантиннен шығудың екінші кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында қаржы және сақтандыру секторларының ұйымдары, электрлік тұрмыстық техника, саяжай маусымына арналған тауарлар сататын ірі дүкендер жұмысын бастайды.
Бұл кезеңде Алматыдағы көлік және қоймалау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ұйымдары,қаржы және сақтандыру секторлары, техникалық қызмет стансалары, дөңгелек ауыстыру, тұрмыстық және кеңсе техникаларын жөндеу мекемелері жұмысын жалғастырады.
Үкімет Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, өзге де облыстардың әкімдіктеріне 27 сәуірден бастап саяжайлар мен аула алаңдарының халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
1 мамырдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда әуе қатынасын жандандыру үшін әуелі күніне 4 рейстің ұшуына жағдай жасалмақ.
"Рейстер күшейтілген санитарлық талаптарды сақтап, аз жолаушылармен және салонда ерекше қашықтықты сақтау арқылы жүзеге асырылады. Әкімдерге қоғамдық орындарды, өнеркәсіптік аумақтарды, әуежайлар мен балалардың ауладағы ойын алаңдарын сапалы түрде санитарлық өңдеуге, жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, оған бақылау орнатуға ерекше көңіл бөлуді тапсырамын", — деді Асқар Мамин.