Қандай өнімдер ұлттық бренд ретінде заңмен қорғалады?

Жаңа заңнамаға "географиялық нұсқама" зияткерлік меншік объектісі енгізіліп отыр. 

Қандай өнімдер ұлттық бренд ретінде заңмен қорғалады? Фото: mtrk.kz

Бұл қадам өнімдердің әлемдік нарықты жаулауы үшін жасалған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан заңнамасына жаңа зияткерлік меншік объектісі енгізілген. Алдағы уақытта өндірушілерге тек өз өңірінде ғана шығатын өнімді ұлттық бренд ретінде дамытуға мүмкіндік жасалмақ. Бұл жаңалықты ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова сүйіншілеп жеткізді. 

– Жақында Қазақстан заңнамасына жаңа "географиялық нұсқама" зияткерлік меншік объектісі енгізілді. Географиялық нұсқама ұзақ тарихы және шыққан жерімен, табиғаты және мәдениетімен тығыз байланысы бар ауылшаруашылық өнімдеріне, азық-түлікке, шараптарға және спирттік сусындарға, қолөнер және өнеркәсіптік өнімдерге сілтеме жасау үшін қолданылады. Оны тіркеу Қазақстанның әртүрлі өңірінде өндірілетін тауарлардың ұлттық брендін дамытуға, сондай-ақ олардың әлемдік нарықта танымалдылығын, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және туристік саланы дамытуға ықпал етеді, – деді ол. 

Ботагөз Жақселекованың сөзінше, аталған жұмыс жандана түседі. Бір ғана мысал, жыл басында Түркістанда "географиялық нұсқамаларды құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі" тақырыбында семинар өткен. Қазіргі уақытта географиялық нұсқаманың мемлекеттік тізілімінде тіркелген өнімдер саны артуда. 

– Осы жылдың наурыз-желтоқсан аралығында географиялық нұсқама мемлекеттік тізілімінде тіркелгендер саны 5-тен 38-ге дейін өсті және 140 өтінім Ұлттық зияткерлік меншік институтының қарауында тұр.

Жалпы, жаңа тіркеулердің қатарында Қазақстанда түйе сүтінен жасалған Арал сабыны, Қызылорда күріші, Талғар алмұрты, Нарынқол картоптары, Көкшетау балмұздақтары, Катонқарағай табиғи балы, Қарағанды бройлері, Отырар шұбаты, Қостанай балы, Сайрам наны, Алакөл балығы және басқалары бар, – деді ҚР Әділет вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу