Еске сала кетсек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі және сыртқы көші-қон бойынша 8 652 адамға өңірлік квота белгіледі. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 566 адамға көп, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Квоталарды аймақтарға бөлетін болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы 138, Қостанай 150, Абай облысы 196, Шығыс Қазақстан 239, Ақмола облысы 270 және Павлодар облысы 932 қандасты қабылдап алмақ. Сол сияқты оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылардың басым бөлігі Павлодар облысына көшіп келеді деген жоспар бар. Атап айтқанда, бұл өңірге 2 841 квота қарастырылды. Қарағанды облысына 33, Ұлытау облысына 120, Абай облысына 238, Шығыс Қазақстанға 305, Қостанайға 530, Солтүстік Қазақстан облысына 2 660 адамды көшіру де жоспарда бар.
Айта кетейік, қандастар мен қоныс аударушыларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Көшу шығындарын өтеу үшін отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем, бұл дегеніңіз – 241 500 теңге қарастырылған. Отбасының бір жыл аралығындағы тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабуы үшін 15-30 АЕК көлемінде (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) төленеді.
Еске салсақ, былтыр Павлодар облысына 800 қандас келген болатын.