Қандастарға "Ата жолы" картасы беріледі

479

Вице-министр этникалық қазақтар үшін Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін енгізу туралы хабарлады.    

Қандастарға "Ата жолы" картасы беріледі  Фото: Серік Маймеров

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, халықпен кездесулер өткізді. Оның барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңалықтарға тоқталды. Вице-министр көші-қон қызметтері орталығына келушілермен кездесіп, көші-қон саясатындағы жаңа тұжырымдаманың негізгі ережелері туралы хабардар етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Атап айтқанда, ол этникалық қазақтар үшін Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін енгізу туралы хабарлады.                                       

"2023 жылдың шілдесінен бастап "Ата жолы" картасын беру басталады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын жоғалтпастан берілетін болады. Карта иелері елімізге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат ала алады. "Ата жолы" картасы бар этникалық қазақ мәртебесі қандастан өзгешелеу болады, өйткені ол басқа елдің азаматы бола отырып, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, республикалық референдумға қатысу және мемлекеттік қызметке қол жеткізе алмау құқығын қоспағанда, ҚР азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие бола алады", – деді Ербол Оспанов. 

Сонан соң вице-министр халықты жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысып, Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлерімен әлеуметтік-еңбек саласы және ҚР Әлеуметтік кодексінің новелласы мәселелерін талқылады.                                                                                              

"Әлеуметтік кодекс – бұл ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілетін бірыңғай әлеуметтік құжат. Ол адамның туғанынан бастап қартайғанға дейінгі өмірлік циклін қамтиды және әлеуметтік қолдау мен сақтандыру шараларын ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамту мен қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етеді", – деп атап өтті ол.

Бұл ретте Кодексте көзделген кейбір әлеуметтік қолдау шаралары, мысалы, бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алатын 1-6 жастағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жыл басынан бастап көрсетіле бастады. Ал ертеңнен бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін жәрдемақылардың мөлшері 14,5%-ға артады, мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау басталады.

Сондай-ақ Ербол Оспанов жыл басынан бері қолданысқа енгізілген Отбасының цифрлық картасы халыққа белсенді қызмет көрсету құралы ретінде толыққанды жұмыс істейтінін атап өтті. Есепті кезеңде 800 мыңнан астам азамат мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға SMS жолдады. Оның ішінде 650 мың адамға төлемдер проактивті түрде тағайындалды, 95 мың азаматқа – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы тағайындалды. Жұмыс сапары барысында вице-министр тұрғындармен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізеді, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдайды және Ақтау қаласының №3 Арнаулы қызметтер орталығы мен Өз бетінше тұру орталығының жұмысымен танысады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу