Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.
"Шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастар мәселесі бағытындағы барлық сұрақтарды шешу үшін қазір "Отандастар" қорымен бірлесе отырып, бірқатар жобаны қолға алдық. Үкімет тарапынан бекітілген "2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспары" бар. Оның аясында шетелдегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастырылып отырады", – деген министр құжат рәсімдеу шараларына тоқталды.
"Елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеуді анағұрлым жеңілдету үшін "бір терезе" қағидасы енгізіліп отыр. Нәтижесінде қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажетті құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарды", – деді Аида Балаева.
Бұған қоса министр қазақтар көп шоғырланған шет мемлекеттерде қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылатынын айтты. Ең алдымен олар Қытай, Ресей, Моңғолия мен Түркияда іске қосылады. Сондай-ақ, 12 елдің 23 қаласында онлайн режимінде 31 қазақ сыныбы ашылды. Оларда 2,5 мыңнан аса бала ана тілін оқиды.
Құралай Құдайберген