Қала билігі қоғамдық көлік жолаушыларынан сапарын алдын ала жоспарлап, қозғалыс сызбаларындағы уақытша өзгерісті және жол жүру уақытының ұзаруы мүмкін екенін ескертеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
14 тамызда Алматыда Орталық стадионда Канье Уэстің музыкалық концерті өтуіне байланысты бірқатар автобус пен троллейбус бағытының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді. Бұл туралы қаланың Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты. Сағат 16:00-ден 00:00-ге дейін Орталық стадион маңында автокөлік қозғалысына шектеу енгізіледі.
Атап айтсақ, Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінде – Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аралықта, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінде – Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс шектеледі.
Шектеу кезеңінде қоғамдық көліктің 32 бағытының қозғалыс сызбасы өзгереді: №3, 18, 21, 25, 30, 34, 44, 57, 62, 65, 66, 79, 90, 92, 95, 98, 118, 120, 120А, 121, 128, 130, 209, 210, 211, 224 автобус бағыттары және №ТП5, ТП6, ТП7, ТП9, ТП19, ТП25 троллейбус бағыттары.