Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары 20 мамырдан басталады

787

Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық мониторинг және есептілік бөлімінің басшысы Нұркен Бояров мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары 20 мамырдан басталады

Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңы 2022 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енуіне байланысты, қаңғыбас иттерді аулап, жою жұмыстары тоқтатылған болатын.

Алайда аталған мәселе өңірде өзекті болуына байланысты, Атырау қаласы әкімдігі мен барлық ауылдық округтерде қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары ұйымдастырылады. 

– Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, мамыр айының соңына дейін өткізілетін болады. Жеңген мердігер мекеме барлық жұмысты ұйымдастырады. Ал иттерді тірілей аулау жұмыстары осы жылдың 20 мамырынан бастап жүргізіледі. Кейін ауланған иттер арнайы панажайға орналастырылады, – деді Н.Бояров. 

Сондай-ақ оның айтуынша, иттерді тамақтандыру, тазалық және екпе жұмыстарының барлығы конкурстан ұтқан мекеменің міндетіне кіреді.

Ал Атырау қалалық ветеринарлық стансасының басшысы Сатыбалды Оразғалиев Қазақстанда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заң 2 наурыздан бастап күшіне енгенін, Заңға сәйкес ауланғаннан кейін үйсіз жануарлар чиптеуге, залалсыздандыруға жататынын мәлім етті. Алайда оларға жабайы, агрессивті жануарлар жатпайды. Оның айтуынша, мердігер ұйымда жануардың агрессивтілігін анықтайтын кинолог болады. Ал басқаларға зиян келтіруі мүмкін жабайы жануарлар дәрілік жолмен жансыздандыруға жатады. 

Айта кетейік, былтыр өңірде 17 мыңнан астам ит ату әдісімен жойылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу