Ақтауда қант диабетін тегін емдейтін орталық ашылды, деп хабарлайды 24.kz.
"Денсаулық" бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба құны – 25 млн теңге.
Орталықта қант диабетімен ауыратын науқастарға медициналық кеңес беру мектебі мен бес емдеу кабинеті бар. Бұдан бөлек инновациялық технологиялар және табан сүйегі диабеті бөлімшесі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационар орналасқан.
Таяу күндері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде науқастың аяқ-қол тамырларын хирургиялық тәсілмен емдеу шаралары қолға алынады деп күтілуде. Жалпы алғанда, орталық эндокриндік сырқат түрлерімен ауыратын тұрғындар арасында мүгедектіктің алдын алу мен өлім-жітімді төмендету мақсатында ашылған. Дәрігерлердің айтуынша, Маңғыстау облысында 8 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Олардың 400-ге жуығы қант диабетінің инсулинге тәуелді түріне шалдыққан.