Қант қызылшасын сатып алу құны өсті

626

Бұл шаруаларды қолдау үшін қабылданған шара. 

Қант қызылшасын сатып алу құны өсті

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Көксу қант зауытында Жетісу облысының фермерлерімен кездесу өткізді. Вице-министр өңірге елдегі қантқа қатысты қалыптасқан жағдайды талқылау, оны тұрақтандыру үшін нақты қадамдар жасау және қант саласын дамыту  мәселесін өндірушілермен бірлесіп қарастыру мақсатында келді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Шаруалар мен зауыт басшылығы ведомство өкілдерімен саладағы қордаланған мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды.

Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар зауыттың қант қызылшасының бір келісі үшін сатып алу бағасының төмен екенін айтты. Жыл сайын жиналған өнім қант зауыттарына өңдеуге тапсырылады.

Зауыттар төлейтін баға қызылша өсірушілердің жұмсайтын шығындарына сәйкес келмейді. 2021 жылы зауыт пен мемлекет бір келі қызылша үшін 20 теңге төледі.

Шаруаларды қолдау мақсатында биыл мемлекет қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтты. Енді зауыт 15 теңге, ал мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейтін болады. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар 30 мың теңге алатын болады. Орта есеппен облыста фермерлер қант қызылшасынан гектарынан 350-ден 400 центнерге дейін өнім жинайды, биылғы жылға жоспар 200 мың тонна.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан өндірушілер қызылша егетін аймақты сумен қамтамасыз ету, фермерлер мен қайта өңдеу зауыттарын техникалық жабдықтау мәселелерін талқылады.

Өңірдегі ең ірі қант зауыттарының бірі – "Көксу қант зауыты" ЖШС тәулігіне 2000 тоннаға дейін қант қызылшасын өңдейді. Күніне 200 тоннадан астам дайын өнім алады. 2022 жылдың басынан кәсіпорын 29 мың тонна қант өндірді. Зауыт жылына 250 мың тонна қант өндіреді. Сондай-ақ құрақ қантының жылдық қуаты 35 мың тонна шикізатты құрайды.

Айта кетейік, "Көксу қант зауыты" 1932 жылы құрылды. 2015 жылы зауыт жөнделіп, іске қосылды. Оны жөндеуге шамамен 4 млрд теңге салынды. 2017 жылы 1,5 млрд теңге сомасына зауыт жаңғыртылып, өнімділігі жоғары жаңа жабдықтар орнатылды.

Вице-министр Әбілхайыр Тамабек қатысушыларға жүйелі сипаттағы проблемалар мен ұсыныстар үкіметтік деңгейде қаралатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу