Қант зауыты құрылысының "жыры" әлі бітер емес

Бастама бар, бірақ нәтиже жоқ. 

Қант зауыты құрылысының "жыры" әлі бітер емес Фото: inbusiness.kz

Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Ресейдің қант экспортына шектеу қоюына байланысты отандық нарықта қант тапшылығы байқалып, тұтынушылар арасында дүрбелең тудырған еді. Сол кезде ел билігі шетелдік өнімге деген тәуелділіктен арылу үшін нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Десе де, әзірше оның нәтижесі байқалмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Айталық, өткен жылдың тамыз айында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. 

"Ауыл шаруашылығы министрлігі Павлодар облысының әкімдігімен, "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісінің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтасын", - деп жүктеген еді сол кезде Үкімет басшысы. 

Жалпы, Павлодар облысындағы қант зауытының құрылысы – кеше көтерілген тақырып емес. Оның талай жиынға арқау боп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі боп қалды. Өкінішке қарай, әлі де сол жиындардың күн тәртібіндегі мәселелері санатында қалып отыр. 

Ал басы жақсы басталып еді. 2019 жылы жергілікті 10 шаруашылықтың әрқайсысы бір гектар жерге қант қызылшасының германиялық тұқымын септі. Күзде соның әр гектарынан 500 центнер қызылша алды. Бұрын-соңды қант қызылшасымен онша-мұнша әуестенбеген солтүстіктегі өңір үшін бұл – жақсы көрсеткіш. Ресейдің Алтай өлкесіндегі арнайы зертхана павлодарлық қызылшаның құрамындағы қанттың көлемі 16-19% екенін көрсетті. Бұл да – көңілден шығатын нәтиже. Одан қант алу үшін дәл осындай көлемдегі қант болса жеткілікті. Бірақ осының барлығын іс қылатын инвестор табуға келгенде қол байланды да қалды. Ал көкөністі өңдейтін зауыт болмаған соң шаруалар да оны ары қарай өсіруге аса құлық танытпады. 

Содан бері төрт жылдың жүзі өтті. Инвестор әлі жоқ. Бастапқыда облыс басшылығы кәсіпорынды жобалау кезінде мердігер компания тарапынан көптеген кемшілік кеткенін алға тартып, оны кері қайтарғанын айтқан еді. Байқауымызша, жоба ғана емес, инвесторлар да кері қайтып жатқанға ұқсайды. 

Бұған дейін павлодарлық қант қызылшасына кімнің көзі түспеді дерсіз? Ресей, Түркия, Біріккен Араб әмірліктері сынды мемлекеттердің ірі компаниялары зауыт салып, қаржы құйып, кейін оның жемісін "жеуді" жоспарлаған-ды. Мәселен, былтыр түркиялық "Чалык Холдинг" компаниясықызығушылық танытты. Инвестор Ақсу қаласының индустриялық аймағында қант зауытын салу үшін 106 млрд теңге қаржы құюға ниетті екенін де білдірді. Жоспар бойынша, мұнда жылына 152 мың тонна дайын өнім шығарылуы тиіс еді. Сөйтіп, өңір тұрғындары тұтынатын 12 мың тоннадан 10 есе артық қант дайындап, оны отандық нарыққа жөнелту көзделді. Бірақ неге екені белгісіз, бұл жоспардың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. 

Енді облыс билігі франциялық кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Бірақ бұл жерде тағы да кедергі туындап отыр. Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов айтты. 

"Қаржы құюды қалайтын компаниялар инвестицияларының қорғалуын және шикізатпен қамтуда қиындықтың болмауы талап етеді. Кейбіреулері ауыл шаруашылығы мақсатында жердің бөлінуін сұрайды. Бірақ заңнамада жерді шетелдік азаматтар мен компанияларға беруге тыйым салынған. Ал шикізатпен қамтуға қатысты толық мәліметті ұсынамыз. Қанша суармалық алқап барын, қант қызылшасын өсіру әлеуетін, мүмкіндіктерімізді – барлығын ашып көрсетеміз. Қазіргі таңда үш-төрт инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Олардың қатарында отандық компания да бар", - деп хабарлады Серік Батырғожинов. 

Ал зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әлі дайындалып жатыр. Жоспар бойынша, ол осы жылдың ортасына қарай толығымен аяқталады. Одан соң да құжаттық жұмыстар жетіп артылады. Соған қарағанда, қант өңдеу зауытының құрылысы биыл да басталмайтын сыңайлы. Демек, импорттық өнімге тәуелділіктен жақын күндері арыла алмаймыз. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу