Қаңтар айында елімізде 1700-ден астам алтын құйма сатылды

1064

Бағалы металға Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұраныс жоғары. 

Қаңтар айында елімізде 1700-ден астам алтын құйма сатылды

2021 жылдың қаңтар айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 68,6 келі 1 771 алтын құйма сатты, деп жазды inbusiness.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ұлттық Банк 2017 жылы халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 2,8 тоннаға жуық 76 676 құйма сатылған.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. 

“Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 27%, яғни, 20 898 дана. Одан кейін 100 грамдық  құйма сұранысқа ие, 16 930 дана (22%) сатылған, 20 грамдық құймадан 14 779 дана (19%), 5 грамдық құймадан 13 566 дана (18%), 50 грамдық құймадан 10 503 дана (14%) сатылды”, – деп хабарлады бас банк. 

Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады. 

“Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 275 келі 11 292 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 15%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады”, – деп жазылған хабарламада.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған және арнайы қорапқа салынған, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. 

“Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз”, – деп жазылған хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу