Биыл қаңтар айының басынан бері 872,4 мың тонна астық тасымалданды, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9% артық, деп хабарлайды "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Оның 190 мың тоннасы – ұнтақ өнімдер. Экспортқа 134 мың тонна ұн тасымалданған.
"ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сауырбаев жүкжөнелтушілерді вагондармен қамтамасыз ету ерекше бақылауда дейді. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызды жүктерді тасымалдау толық көлемде орындалуда.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган: "астық пен ұн тасымалы үшін қаңтар әдеттегідей тыныш ай болып саналады, ал тасымалдың жоғары шегі 2018 жылдың қарашасы мен желтоқсанында болды", – дейді.
Ол сондай-ақ Түркменстан арқылы жаңа бағытты дамытудың маңызын атап кетті.
2018 жылы 11,5 млн тонна астық тиеліпті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 35% асыра орындалған. Соның ішінде экспорт 8,8 млн тоннаны құрапты, бұл 2017 жылдағы көрсеткіштен 52% артық. 3,5 млн тонна ұнтақ өнім тиеліп, 2017 жыл деңгейінен 3%-ға артқан.