Фильм "Бала", "Әке", "Ана және отбасы" дейтін үш бөлімнен тұрады. "Бала" бөлімі дүрбелең кезінде оққа ұшқан 12 жасар Сұлтан Қылышбекке, "Әке" бөлімі Алматы қаласы Алмалы аудандық полициясының қызметкері, оқиға кезінде қаза болған Әлен Асылхановқа, "Ана және отбасы" бөлімі Талдықорғанда отбасымен түгел оққа ұшқан Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаеваға және 15 жастағы қызы Нұрайға арналған.
"Бұл "Тұманды қаңтар" фильмінің басты мақсаты не? Бізде белгілі бір фильм түсірсе көп жағдайда саясаттың жолына түсіп кетеді, белгілі бір адамдарды кінәлау, құйтырқылықты ашуға, айыптыларды жалаңаштап көрсетуге тырысады. Ал біздегі мақсат – бұл кез-келген қоғамда адам бағасының ең жоғары екенін айту. Әр мемлекетте адам ресурсы ең бағалы ресурс, сондықтан әр ананың, баланың, әкенің өлімі, бүкіл отбасының, шаңырақтың ортасына түсуі бұл үлкен қасірет екенін көрсету, бұл соларды жоқтау. Ешкімді кінәлау жоқ, әр көрермен астарына тереңірек үңіліп, қасіретті көре отырып кінәліні өзі табар. Бұл фильмде Джованни Пергализидің "Құдай ананы жоқтау" әуенін бекер қойған жоқпыз, Отан ананың жоқтауы ретінде ұғынса екен деген ой. Адам баласын Отан ананың, әр жанның жоқтағанын сезіндіру. Үш қана отбасы бұл фильмде көрініс тапты, алайда осындай қанша отбасы қаңтар оқиғасында қайғы жамылды", – деп жазады Assyltas қоры ютуб-арнасында.
Айта кету керек, қаңтар оқиғасында 227 адам қаза тапқаны ресми хабарланды. Алайда қоғам олардың толық тізімі жариялануын талап еткенімен, әлі оған қол жеткізбеді. Наурыздың басында қызметке тағайындалған бас прокурор Берік Асылов журналистерге толық тізімді жария етуге уәде берген.